Қоғам

WhatsApp-та алаяқтар көбейді

Қазақстан Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды бұзу жағдайларының көбейгенін ескертті.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар қолданушылардың аккаунттарына заңсыз қол жеткізіп, олардың атынан туыстарына, достарына және таныстарына хабарлама жібереді. Көбіне мұндай хаттарда шұғыл түрде ақша аудару туралы өтініш болады.

Мамандар аккаунт қауіпсіздігін алдын ала күшейтуге шақырады. Ол үшін WhatsApp-та екі сатылы тексеруді қосып, PIN-код орнату ұсынылады. Сонымен қатар «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тұрақты түрде тексеріп отырған жөн. Белгісіз құрылғы анықталса, оны бірден ажырату қажет.

Аккаунттың бұзылғанын мына белгілерден байқауға болады: қолданушы жібермеген хабарламалардың оның атынан таралуы; сұратылмаған растау кодтарының келуі; WhatsApp аккаунтынан күтпеген жерден шығып қалу.

Егер аккаунтқа бөгде адам кіріп кеткен болса, барлық бейтаныс сеанстарды аяқтап, PIN-кодты өзгерту, құрылғыны зиянды бағдарламаларға тексеру және байланыстағы адамдарға ескерту қажет.

Полиция ақша аударуды сұрайтын күмәнді хабарламаларға ерекше сақ болуға кеңес береді. Хабарлама жақын адамнан келгеннің өзінде, ақша жібермес бұрын оған телефон арқылы тікелей хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін тексерген дұрыс.

Back to top button