Қоғам

Енді әскерилер 425 мың теңгеге дейін алады

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге төлем жасау қағидаларын жаңартты

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 21 сәуірден бастап күшіне енді.

Жаңартулар материалдық қамтамасыз етудің жекелеген нормаларын нақтылап, төлемдерді есептеу тәртібін жетілдіруге бағытталған. Енді қағидаларға «істер мен лауазымды қабылдау күні» және «істер мен лауазымды тапсыру күні» деген жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл күндер командирдің бұйрығымен бекітіліп, ақшалай үлесті есептеу кезінде негізге алынады.

Сондай-ақ жекелеген төлемдерді есептеу тәртібі нақтыланды. Мәселен, әскери қызметтен теріс себептермен босатылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы айдағы нақты күнтізбелік күндер санына пропорционалды түрде есептеледі. Құжатта сыйақы беру тетіктері де айқындалған.

Енді әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ынталандырылады. Сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, сондай-ақ мерейтойлық күндерге орай берілуі мүмкін. Мерейтойлық жасқа 40 жас және одан кейінгі әрбір бес жыл кіреді.

Әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді. Әскери қызметшілерге көрсетілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайтылып, енді ең төменгі жалақыға еселенген түрде белгіленеді. 2026 жылы оның мөлшері 85 мың теңгені құрайды.

Материалдық көмек бюджет қаражатының үнемделуі есебінен беріледі. Жақын туыстарының, жұбайының немесе қайын жұртының қайтыс болуы жағдайында көмек көлемі ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін, яғни 425 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал неке қию, бала туу, бала асырап алу, мүліктік залал немесе емделу қажеттілігі кезінде үш еселенген мөлшерге дейін – 255 мың теңгеге дейін төленеді.

Министрлік мәліметінше, енгізілген өзгерістер төлемдер жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттырып, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.

Back to top button