Ұлытау облысында Қазақстандағы ең көркем құстардың бірі — аққу-кликун мекен етеді

Ұлытау облысында Қазақстандағы ең көркем құстардың бірі – аққу-кликун байқалды. Сирек кездесетін бұл құс Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағын мекендейді.
Ұлттық парк қызметкерлері табиғаттың әсемдігін айшықтайтын ерекше кадрларды жариялады. Мамандардың айтуынша, аққу-кликун – сайын даланың үнсіз сұлулығы.
Көл бетінде қалықтай жүзген аққулар табиғаттың ең нәзік әрі әсерлі көріністерінің бірі саналады. Қазақ халқының танымында аққу – тазалықтың, сұлулық пен адалдықтың символы.
Көктем және күз мезгілдерінде бұл сирек құсты тынық көлдер мен өзен жағалауларынан кездестіруге болады.
Аққу-кликун – су құстарының ішіндегі ең ірі әрі көрікті түрлерінің бірі. Ол атауын ұшу кезінде және өзара байланысқанда шығаратын керней тәрізді қатты дауысынан алған. Табиғатта бұл құстар ұзақ жылдарға жұп құрып, адалдықтың белгісі ретінде бағаланады.