Көшедегі QR-кодтар қауіпті болуы мүмкін: полиция ескерту жасады

Полиция ескертеді: көшедегі күмәнді QR-кодтарды сканерлемеңіз. QR-кодтар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанымен, алаяқтар да осы технологияны өз мақсаттарына пайдаланып жүр. Осыған байланысты полиция азаматтарды көшеде кездесетін күмәнді QR-кодтарды сканерлеуден сақ болуға шақырды.
Мамандардың айтуынша, қаскөйлер аялдамаларда, подъездерде, жарнама тақтайшаларында немесе басқа да қоғамдық орындарда орналасқан түпнұсқа QR-кодтардың үстіне жалған кодтарды жапсырып кетуі мүмкін. Мұндай кодтарды сканерлеген адам қауіпті сайтқа өтіп, жеке мәліметтері мен банк картасының деректерін алаяқтарға өз еркімен беріп қоюы ықтимал.
Полицияның мәліметінше, күмәнді QR-кодтардың басты белгілері – басқа жарнаманың үстіне жапсырылуы, ресми безендірудің болмауы, «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» секілді асықтыратын жазулардың кездесуі және ұйымның атауы мен байланыс деректерінің көрсетілмеуі.
Құқық қорғау органдары белгісіз QR-кодтарды себепсіз сканерлемеуге, ашылатын сілтеменің интернет-мекенжайын мұқият тексеруге, күмәнді сайттарға жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеуге кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз қосымшаларды жүктеп, құрылғыға қосымша рұқсаттар беруден бас тартқан жөн.
Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, банкке дереу хабарласып, банк картасын бұғаттау қажет. Полиция тұрғындарды қырағылық танытып, интернет алаяқтарының арбауына түспеуге шақырады.