«Кітап оқитын ұлт»: Ұлытауда марафон басталды

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының өңірлік кезеңіне арналған брифинг өтті. Жиында жобаның мақсаты, қатысу тәртібі мен негізгі бағыттары таныстырылды.
Брифингке «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының Ұлытау облысы бойынша өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Серік Әбжанов қатысып, марафонның өңірде ұйымдастырылу барысы туралы айтып берді.
Республикалық жоба қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, тұрақты оқу әдетін дамытуға және азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар отандық кітап индустриясын қолдау мен оқырман қауымның әдебиетке қызығушылығын арттыру көзделіп отыр.
Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Қатысушылар негізгі кезеңде ұсынылған әдебиеттерді оқып, әр шығарма бойынша өз пікірін арнайы жеке кабинетінде қалдырады. Ал 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен викториналар ұйымдастырылады. Жобаға қатысуға өтінімдер 15 қыркүйекке дейін қабылданады.
Марафон аясында жеті бағыт қарастырылған. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зиялы».
Қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен кемінде 15 шығарма оқуы тиіс. Тізімге қазақ және орыс тілдеріндегі 165 кітаптан енгізілген. Оның ішінде отандық қаламгерлердің шығармалары, әлем классикасы, «100 кітап» тізіміне енген туындылар, Нобель сыйлығының лауреаттары мен танымал бестселлерлер бар.
Жобаның басты ерекшелігі – оқылған кітаптардың санын ғана емес, шығарманы қаншалықты түсінгенін бағалау. Сондықтан қатысушы әр кітаптан кейін қысқаша пікір білдіреді. Қорытынды кезеңдегі тестілеу мен викториналар арқылы әдеби шығармалардың мазмұнын меңгеру деңгейі анықталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның негізгі мақсаты – жүлде үшін бәсекелестіктен бұрын кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру. Яғни жоба арқылы «қанша кітап оқыдың?» дегеннен гөрі «оқыған кітабың саған не берді?» деген сұраққа мән беріледі.
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары дипломдар және электронды сертификаттармен қатар ақшалай сыйлықтарға ие болады. Бірінші орынға – 600 мың, екінші орынға – 450 мың, үшінші орынға – 300 мың теңге көлемінде жүлде қарастырылған.
Марафонға мектеп оқушыларынан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі азаматтар қатыса алады. Ұйымдастырушылар жобаның ауқымын кеңейту арқылы әр жастағы тұрғындарды ортақ зияткерлік ортаға біріктіріп, кітап оқуды бір реттік акция емес, тұрақты мәдени дағдыға айналдыруды көздейді.